Францияның «France 2» телеарнасы «Singer-2017» ән байқауында бақ сынап жатқан Димаш Құдайбергеннің Қытай еліндегі танымалдығы жөнінде репортаж жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіз мына керемет дауысты естіп тұрсыз ба? Бұл ғажап дауыс иесінің есімі - Димаш. Бүгін біз осы жас жігіт туралы және оны Қытайда соншалықты танымал еткен әлеуметтік желілер жөнінде әңгіме қозғайтын боламыз», - деп бастайды сөзін Франция телеаудиториясының 40 пайызын қамтып отырған таңертеңгілік бағдарламаның жүргізушісі. - Ол Даниэль Балавуанның өте күрделі әнін орындады. Осы үшін оған медаль табыс ету қажет», - деп әзілдеді жүргізуші.
Француз бағдарламасында Димашты «өте көрікті, түр әлпеті қытайға ұқсайды» деп сипаттады. Репортажда «Димаш Құдайбергеннің ұлты қазақ, ол қытай тілінде сөйлемейді» деп атап өткен. Бірақ, соған қарамастан Weibo-дағы (Қытайдағы туиттердің баламасы) оның оқырмандарының саны 3 миллионға жетіп жығылады.
Жалпы Димаш ән орындаған видеоны әлеуметтік желіде 1,5 миллиард адам тамашалаған.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген "Singer 2017" жобасының 10-кезеңінде үшінші орынға ие болып, байқаудың финалына жолдама алған болатын.