19 қаз, 2022 сағат 16:10

Forbes тізіміндегі үшінші адам Құрық портына инвестиция салмақшы


Құрылтайшысы Forbes тізіміндегі үшінші адам болып саналатын «Adani» компаниясы Құрық портын кеңейту жобасына инвестиция салуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Астанада өтіп жатқан инвестициялық форум кулуарында журналистерге осындай мәлімет берді.

«Бұл жолғы қол қойылатын жобалардың арасында Ақтөбе қаласындағы ядролық медицина орталығын айтуға болады. Құрық портын кеңейту жөніндегі жоба бар. Бұл жоба аясында Үнді елінің компаниясымен де құжатқа қол қойып жатырмыз. Шығыс Қазақстандағы литий кен орнын игеруге бағытталған үлкен жоба тағы бар. Алматыдағы автокомпонеттерді өңдейтін жаңа зауыт жобасын айтуға болады. Ауыл шаруашылығында «Алматы жемістері» деген жаңа жоба ашып жатырмыз», - СІМ өкілі Құрық портын кеңейту жобасына кеңірек тоқталды.

«Бағана да айтқанымдай, жалпы жиыны 25 құжатқа қол қойылады. Олардың ішінде жаңа жобалар да бар. Мысалы, Құрық порты бойынша Үнді елінің «Adani» деген үлкен компаниясы инвестиция салмақшы. Оның иесі – қазір «Форбстағы» үшінші адам. Олар Қазақстанға жаңадан еніп отыр, меморандумға қол қояды. Ал кейбір жобалар 12 жылдың көлемінде іске асырылып жатыр. Олар бойынша да келісімдер жасалады. Сатып алу келісімдері де бар. Литий кен орны осы бағытта іске асады», - деді Алмас Айдаров.

Вице-министрдің айтуынша, Құрық портын кеңейтуге инвестиция салуға ниетті «Adani» компаниясы Үнді еліндегі логистикалық нарықтың 30 пайызын қамтиды.

«Қазақстан аумағында бірнеше жобаға қызығушылық танытып отыр. Астана әуежайына қызығушылық білдіруде. Онымен қоса Құрық портына да терминал салуға ынталы. Себебі Ресей арқылы өтетін жүк тасымалдау қиындап жатқанына байланысты Каспий арқылы Әзербайжанға, Грузия арқылы Қара теңізге шығатын маршрутқа ақша салмақшы», - деді вице-министр.