Американдық Tesla және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск Forbes журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең дәулетті адамдардың тізіміне кірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" журналдың сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қазіргі кезде дәулеті 74 миллиард доллардан асып отырған Маск алғаш рет миллиардерлер рейтингінде осыншама жоғары көтеріліп, Уоррен Баффет пен Стив Балмерден озып кеткен.
Наурыз айының ортасында 49 жастағы Масктің есімі Forbes журналының миллиардерлер тізімінде 31-ші орында болған. Сол кезде оның жеке капиталы 25 миллиард долларға жуық еді. Содан бері дәулеті шамамен үш есе өсіп, 74,2 миллиард долларды құраған – оның барлығы Tesla-ның арқасында.
Forbes дүйсенбі күні өткен сауда кезінде Tesla акциялары тағы 9,5 пайызға қымбаттап, 1 643,00 АҚШ долларына дейін жеткен. Бұл 29 маусымнан бері, небәрі үш аптада 60 пайызға, және тек 2020 жылы 300-ге жуық пайызға көбейгенін көрсетіп тұр.
Енді Tesla 304,5 миллиард доллар нарықтық капиталдандыруы бар тек ең бағалы автомобиль компаниясы ғана емес, оның құны Ford, Ferrari, General Motors және BMW компанияларын қоса алғандағы бағадан артық.
Маск Forbes-тағы ең бай американдық азаматтарының тізіміне алғаш рет 2012 жылы енгізіліп, сол кезде 2,4 миллиард доллар таза табыспен 190-шы орында болды. Биылғы жылдың 1 қаңтарында ол ғаламшардағы ең бай адамдар тізімінде 37-ші орыннан көрінді. Олай болғанымен, Tesla-ның аяқасты және әсерлі өсімі оны әлемдегі ең дәулетті адамдардың тізіміне кіргізді.
Масктің өзі болса, айдың басында Forbes журналымен хат жазысу кезінде ол үшін сандар мен жеке капиталы маңызды емес екенін мәлімдеді. «Сандар өседі, түседі, іс жүзінде адамдар жақсы көретін тамаша өнімдер шығара білу маңызды», - деп жазды ол.
Ғаламшардың ең бай адамдарының рейтингінде Масктің алдында Amazon корпорациясының бастығы Джефф Безос, франциялық LVMH компаниялар тобының басшысы Бернар Арно, Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс және Facebook басшысы Марк Цукербергтің есімдері тұр.