Алматы қаласы маңында ұшақ апатына байланысты Fokker 100 ұшақтарын пайдалануға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«27 желтоқсан сағат 07-22-де «Бек Эйр» әуе компаниясының Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы нөмірі 2100 рейсін орындаған Фоккер-100 ұшағы Талғар ауданындағы тұрғын үй алабына құлады. Аталған ұшақ бетон қоршауды бұзып, 2 қабатты нысанға соғылған. Жедел түрде құтқару жұмыстары басталды. Өрт шыққан жоқ. Жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Ұшаққта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Алдын ала мәліметтер бойынша қаза болғандар саны - қазіргі уақыта 15 адам. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр басқаратын комиссия құрылды. Комиссия құрамында ҚР Индустрияжәне инфрақұрылымдық даму министрі, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Комиссия оқиға орнына ұшып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталғанша бұл типтегі ұшақтардың қолданылуы уақытша тоқтатылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жедел қызмет ету штабы құрылып, шұғыл желі жұмыс істеп тұр: 8 (7172) 53-32-84, Алматы облыстық ТЖД - 8 (7282) 22-02-13, 22-02-18 Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД - 8 (7172) 24-52-12, 24- 51-71, 24- 51- 47
«Оқиға орнында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, құқық органдарының қызметкерлері жұмыс жасап жатыр», - деді ол.