26 қаз, 2018 сағат 11:07

Фин компаниялары Қазақстандағы ТКШ-ны жаңғыртуға атсалыспақ

Мемлекет басшысының Финляндияға сапары барысында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басшылығы «AINS Group» және «Onninen Oy» компанияларымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар Қазақстан Республикасының инфрақұрылымдық тұрғын үй кешенін дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

AINS Group - әлемнің 60 елінде құрылысты басқару саласында «толық аяқталған» жобаларды іске асыратын құрылыс-инжинирингтік компания. «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-мен ынтымақтастық шеңберінде компания BIM-технологиялар, математикалық модельдеу, 3D-визуализация және жасанды интеллект сынды ғимараттарды жобалау мен салудың жаңа технологиялар ауысымын (трансфер) жүзеге асырады. Осындай шешімдерді пайдалану жобалау үдерісін сапалы жақсартуға, техникалық сипаттамалардың сәйкестігін, объектілердің құрылысының өзіндік құны мен мерзімін дәл есептеуді қамтамасыз етеді.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін «AINS Group» компаниясы біздің еншілес ұйымымыз «Үлгілік және тәжірибелікжобалаудың ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің (ҮТЖҒЗИ) 10 пайызын иемденуге және BIM-технологияларын енгізу үшін нормативтік-құқықтық базаны дамытуға белсенді қатысуға дайын екендігін білдірді», - деп атап өтті «ТКШ Қаз Орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Өмірбаев.

Onnenen Oy - жылу және су, электр, кәріз, желдету және телекоммуникация үшін инженерлік жабдықты кешенді жеткізуді қамтамасыз ететін ең ірі фин компаниясы. Келіссөз барысында қос тарап өкілдері ынтымақтастықтың 4 стратегиялық бағытын анықтап, өздеріне басты міндеттер қойды. Атап айтқанда, ҚР қалаларында ағын суларды тазарту және су тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру міндеттері жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасындағы кәріз желісін тазарту қондырғыларының жұмысын реттейтін стандарттарды өзгерту бойынша ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу туралы, сондай-ақ жабдықтар өндірісін ықтимал оқшаулау туралы келісімге қол жеткізілді.

Айта кету керек, жаңа технологияларды енгізу бойынша шетелдік компанияларды тартуды «ТКШ ҚазОрталығы»  Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын іске асыру шеңберінде саланың энергетикалық тиімділігін арттыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ұлттық инновациялық жүйені дамыту саласында жүзеге асырады.