Фото: Pexels.com
2024 жылдың тоғыз айында әкімшілік жауапкершілікке мыңнан астам адам тартылды. Тексерулер нәтижесінде дәрі-дәрмек бағасының 2000%-ға дейін қымбаттауы мүмкін екені белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзудың 1200 жағдайын тіркеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет көрсету фактілері 42%-ға артқан, 996 адам жауапкершілікке тартылған.
Сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігінің аудит нәтижелерін атап өтті. Ведомствоның жұмысы үйлестірілмегендіктен орасан шығындарға әкелген.
«Қазақстандық дәрі-дәрмек және медициналық бұйым өндірушілеріне мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі әлі де төмен: тек 20%-дан аз. Бұдан бөлек, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды дұрыс жоспарламау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алудан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі өтіп, оларды есептен шығару қажеттілігі туды», – делінген материалда.
Мемлекет бағаларды «пайыз үстіне пайыз» қағидаты бойынша реттейтіндіктен, дәрі-дәрмек бағасы өндіруші зауытының бағасынан 172%-ға дейін жетуі мүмкін.
Тіркелмеген дәрі-дәрмектер зауыт бағасынан 2000%-ға дейін үстемемен сатылуы мүмкін.
«Мемлекеттік аудит баға белгілеу механизміндегі кемшіліктерге байланысты "СК-Фармация" ЖШС кейбір дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды нарықтан 40%-365%-ға қымбат бағамен сатып алғанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып кетті», – деп атап көрсетеді сарапшылар.
Дәрі-дәрмек бағасының жылдық өсімі елдегі инфляцияны басып озады.
«Қыркүйек айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық препараттардың бағасы 12%-ға өсті, бұл елдегі инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, кейбір препараттардың жылдық бағасы орташа нарықтық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болды: мысалы, ацетилсалицил қышқылының бағасы бір жылда 48,9%-ға, белсендірілген көмірдің бағасы 31%-ға, "Хилак форте" пробиотигінің бағасы 25%-ға, "Флемоксин Солютаб" антибиотигінің бағасы 21,5%-ға өсті», – деп мысал келтіреді сарапшылар.
2024 жылы елдегі дәрі-дәрмек өндірісі 22,5%-ға артқанымен, отандық өндірушілер сұраныстың тек 18%-ын ғана қамтамасыз етті.