09 там, 2016 сағат 08:29

Фархад Харки Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

62 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық ауыратлет Фархад Харки Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Ауыр атлетикадан нәтижеміз күн сайын жақсарып келеді. Жарыстың алғашқы күні Маргарита Елисеева бесінші орын, кешеАрли Чонтей төртінші орын алып еді. Бүгін Харки үштікке ілінді.

Харки жұлқа көтеруде бесінші орында болды. Бірінші мүмкіндігінде ол 135 келіні еңсерсе, лидерлерді қуып жету үшін таңдаған 140 келі штанганы екі мәрте көтере алмай қалды. 

Ал серпе көтеруде Харки 170 келіні еңсерді. Ұпайлары саны бойынша 305 келі жинап, осылайша жарыстың қола медаліне ие болды. 

Айта кетейік, серпе көтеру кезінде жарыс фавориті саналған қытайлық Чэнь Лицзюнь жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. 

Бұл салмақта 318 келі нәтижемен колумбиялық Оскар Фигероа чемпион атанды (142+176).

Осылайша, Қазақстан құрамасына үшінші жүлде түсті. Бұған дейін дзюдошы Елдос Сметов күміс, Галбадрах Отгонцэцег қола медаль еншілеген еді.


Ұлт порталы