Американың Facebook компаниясы алдағы үш жылда ақпарат индустриясын қолдау үшін 1 млрд доллар қаржыны инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның жаһандық саясат және коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Ник Клегтің сәрсенбі күні жариялаған блоктағы мәлімдемесінен белгілі болды, деп жазады ТАСС.
Австралия билігімен даулы жағдайды реттеу туралы түсініктеме берген Клегг Facebook-тің жаңалық таратушы басылымдармен серіктестік қатынастарды ретке келтіруге ниетті екеніне сендірді.
«Сондықтан біз 2018 жылдан бері ақпарат индустриясын қолдауға 600 млн доллар инвестициялап, алдағы үш жылда тағы 1 млрд доллар қаржыны инвестициялауды жоспарлап отырмыз», - деп ақпараттандырды ол.
Facebook вице-президенті америкалық компанияның өткен айда The Guardian, The Daily Telegraph, Financial Times, Daily Mail, Sky News және тағы басқа БАҚ-тардың әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылған контент үшін төлем жасау бойынша келісім жасалғанын еске салды.
Осыған ұқсас келісімдер америкалық ақпарат таратушы басылымдармен жасалды, сонымен қатар Германия және Франция елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр.