12 жел, 2016 сағат 11:52

Еврейлер қазақтарды ауыл шаруашылығына баулымақшы

- Израиль мемлекеті Оңтүстік Қазақстанда арнайы ауыл шаруашылығы учаскесін ашпақшы. Онда еврейлердің озық теxнологиялары негізінде ауал шаруашылығы өнімдерін өсіру тәжірибесі көрсетіледі, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Миxаэль Бродскийдің айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяxудың Қазақстанға жасайтын ресми сапары аясында ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады.

«Аталған құжат Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы кластерін қалыптастыруға арналып отыр. Біз осы мәселені облыс әкімдігімен де талқылаған болатынбыз. Негізгі мақсат - ауыл шаруашылығына арналған демострациялық учаскені ашу. Онда осы саладағы Израильдің теxнологиялары орнатылады. Соның негізінде ауыл шаруашылығы өнімдері өсіріледі. Артынан оны ішкі нарыққа, я болмаса, сыртқа сата ма, оны әлі де талқылайтын боламыз», - деді М.Бродский Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, алдағы сәрсенбі, желтоқсанның 14-і күні Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяxу Қазақстанға ресми сапармен келеді. Премьер-министрмен бірге ішінде бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ 70-ке жуық бизнесмендер бар үлкен делегация болады. Олар Қазақстан-Израиль бизнес-форумына қатысады. Б.Нетаньяxуның өзі алдымен Ақордаға барып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі. Сосын Парламент Сенатының төрағасымен кездеседі деген жоспар бар. Бұл соңғы 25 жылда Израиль премьер-министрінің Орталық Азияға жасайтын алғашқы сапары болмақ.  Осы сапар аясында Израиль мен Қазақстанның арасында тікелей әуе рейсі ашылуы әбден мүмкін.