12 қар, 2019 сағат 07:37

Эво Моралес Мексиканың саяси баспана беру туралы ұсынысын қабылдады

Эво Моралес Боливия президенті қызметінен отставкаға кететіні туралы мәлім еткеннен кейін келесі күні Мексиканың саяси баспана беру туралы ұсынысын қабылдады, деп хабарлайды BBC News.

Мексика Сыртқы істер министрі Марсело Эбрард Моралестің Мексика Үкіметі ұшағының бортына отырғанын растады.

Сондай-ақ, Боливия қарулы күштерінің басшысы әскерге Моралестің жақтастарымен қақтығысқа қатысып жатқан полицияны қолдауды бұйырды.

Мәліметке сәйкес, қақтығыс салдарынан 20 адам жарақат алған.

Боливия сенатының вице-президент Жанин Аньес жаңа сайлау өткенге дейін президент қызметін уақытша атқаратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, жексенбі күні Моралес елден кету жоспары жоқ екенін атап өтті. «Менің қашуға ешқандай себебім жоқ. Боливия халқы ешкімді тонамағанымды білгенін қалаймын. Егер кім де кім бізді ұрлық жасады деп ойлайтын болса, өзіме келіп айтсын. Дәлелдер әкелсін», - деді ол.

Еске салайық, Боливия Президенті Эво Моралес өткен айда өткен президенттік сайлау барысында «айтарлықтай заң бұзушылықтар» болғаны туралы жарияланғаннан кейін жексенбі күні отставкаға кетті.

Ол Twitter-де «Боливиядан кетіп жатқаны өте ауыр екенін, бірақ ол жаңа күш пен энергиямен қайта оралатынын» жазды.