25 ақп, 2020 сағат 08:35

Еуропалық дипломатия басшысы: Қазақстан – ЕО-ның Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі

1 наурыздан бастап Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім толық күшіне енеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстандағы ЕО өкілдігінің хабарламасына сілтеме жасап.

2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған және 2016 жылдың мамыр айынан бастап уақытша қолданыста жүрген бұл жаңа құжатты біздің еліміз, барлық ЕО мемлекеттері және Еуропалық Парламент ратификациялады.

«Қазақстан - Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Сондықтан, біздің қарым-қатынасымыз айтарлықтай кеңейіп, тереңдеп келеді», - деген ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррельдің сөзі келтірілген хабарламада.

«Еуропалық одақ – елдің ірі сауда және инвестициялық серіктесі, ал Қазақстан – Орталық Азиядағы ЕО-ның ірі сауда серіктесі», - деп атап өтті ол.

«Келісім күшіне енгеннен кейін біз оның артықшылықтарын, атап айтсақ климат саласындағы бірлескен әрекеттерден бастап экологиялық таза энергияға дейін, тұрақты жаңғырту мен өзара байланысты кеңейтуді толық көлемде пайдалана аламыз», - деді Боррель.

«Біз жаңа қызықты тарауды бастаймыз», - деп атап өтті еуропалық дипломатия басшысы.