05 қаз, 2018 сағат 09:10

Еуропа лигасы: «Астана» «Ренн» командасынан басым түсті (Видео)

Еуропа лигасындағы кезекті ойынын елордалық «Астана» бүгін «Астана-арена» стадионында өткізіп, Францияның «Ренн» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесудің екі команда үшін де маңызы зор болған. «Астана» алғашқы турда сырт алаңда Украинаның «Динамо» (Киев) командасымен 2:2 есебімен тең түсіп қайтқан еді. Ал «Ренн» өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Жеңіске жеткен жағдайда француздық клуб турнир кестесінде көш тізгінін жеке-дара қолға алады. «Астана» басым түсіп жатса, ол да ұпай қорын молайта түседі. Біздің команда алдында топтық кезеңнен шығып, плей-офф сатысына жолдама алу міндеті тұр. Ендеше, өз алаңында «Астана» ұпай жоғалтпауға тиіс. 

Елордалық клубтың бас бапкері міндетін атқарушы Григорий Бабаян алғашқы минуттан Ненад Эрич, Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Дмитрий Шомко, Ричард Алмейда, Иван Маевский, Бактиер Зайнутдинов, Педро Энрике, Марин Томасов және Жуниор Кабананга секілді жігіттерге сенім білдірді. Ал «Ренн» клубының бас бапкері Абдулай Диалло, Мехди Зеффан, Дамьен Да Силва, Клеман Гренье, Джеймс Леа Силики, Бенжамен Буриго, Бенжамен Андре, Людовик Бааль, Жереми Желен, Денис-Вий Поа және Мбай Ньянг ойын басынан жасыл алаңға шығарды.

Алғашқы минуттардан «Астана» ойын тізгінін қолға ұстауға тырысты. Шабуыл шебін күшейтті. Біздің жігіттер «Ренн» қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Десе де олардың ешбірі гол соғатын мүмкіндік емес еді. Оң қанаттан да, сол қанаттан да шабуыл үдей түсті. 20-минутта Марин Томасов «Ренн» қақпасы аумағына әуелете доп берген еді. Ол біздің шабуылшымыз Жуниор Кабананганың дәл алдынан өте шықты. Арада екі минут өткенде француздар қақпасы маңында тағы бір қауіпті сәт болды. Бұл жолы «Астана» ойыншысы Ричард Алмейда жинақы қимыл көрсете алған жоқ. Алғашқы кезеңнің 25-минутына дейін доп біздің жігіттердің иелігінде көбірек жүрді. Ендігі бір сәттерде «Ренн» футболшылары да біздің жігіттердің қорғаныс шебіндегі қауқарын сынап көруге ниет танытты.

Екінші кезеңде екі команда алма-кезек шабуылмен алмасты. Бірде «Астана», бірде «Ренн» гол соғу жолында тынбай тер төкті. Ойынның 65-минутында біздің жігіттер есеп ашты. Марин Томаов оң қанаттан бұрыштама добын берді. Әуелеп келген допты «Астананың» жас ойыншысы Бактиер Зайнутдинов баспен қақпаға енгізді. Есеп 1:0. Осылайша 20-жастағы жас фтболшымыз еурокубок ойындарындағы өзінің алғашқы голын соқты. Өз қақпасына доп жіберіп алғаннан кейін «Ренн» бірден-ақ тезірек таразы басын теңестіруге ұмтылды. Тоқсан минут түгесіліп, төреші қосқан қосымша уақытта Марин Томасов қарсыластар қақпашысымен бетпе-бет шықты. Бұл мүмкіндікті ол мүлт жібермей, қақпаны дәл көздеді. Есеп 2:0. Ойын осы есеппен біздің пайдамызға аяқталды. 

Осылайша әзірге «Астана» турнир кестесінде бірінші орынға шықты. «Астана» командасы келесі ойынын 25 қазанда өткізеді. Бұл жолы сырт алаңда Чехияның «Яблонец» клубымен кездеседі. 

Бүгінгі күнге дейін екі команда аталмыш бәсекеде бір-бірден ойын өткізді. «Ренн» өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын 2:1 есебімен жеңді. Қазір K тобында көш бастап тұр. «Астана» алғашқы турда сырт алаңда Украина астанасы - Киев қаласының «Динамо» командасымен 2:2 есебімен тең ойнап қайтты. 

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубына (0:2, 0:1) есе жіберіп қойды. Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, өз алаңында дәл осы есеппен жеңіске жетті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталды. «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алды.