28 мау, 2021 сағат 00:15

Еуропа чемпионаты: Нидерланды Чехияға жол берді


Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алған үшінші құрама анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүбірлі доданың 1/8 финалындағы екінші кездесуде Нидерланды мен Чехия жасыл алаңға шықты.

Екі құрама бұған дейін 11 мәрте кездесті. Оның 5-де Чехия басым түсіп, 3-де Нидерландының мерейі үстем болды, қалғанында тең нәтиже тіркелді. 

Айта кетерлігі, соңғы рет Нидерланды аталған қарсыласын 2005 жылдың 18 қазанында әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде жеңген болатын. Содан бері екі кездесуде чехиялықтар басым түсті.

Бүгінгі кездесуде қос құрама терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Екінші кезеңнің 55-минутында нидерландылық Маттейс де Лигт қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұдан кейін нидерландылық футболшылар тізгінді қарсыластарына беріп қойғандай көрінді.

Нәтижесінде чехиялықтар қатарынан Томаш Голеш 68-минутта есеп ашса, 80-минутта Патрик Чик есепті үстемелей түсті. 

Ойында Чехия қарсыласын 2:0 есебімен жеңді. Енді олар 3 шілдеде ширек финалда Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы Олимпиада стадионында шеберлік байқасады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Дания Уэльсті 4:0 есебімен жеңіп, Италия Аустрияны овертаймда 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Айта кетсек, жарыстың 1/8 финалында енді бүгін, 27 маусымда Бельгия мен Португалия құрамалары кездеседі. Ал 28 маусымда Хорватия мен Испания, Франция мен Швейцария, 29 маусымда Англия мен Германия, Швеция мен Украина жасыл алаңға шығады.