13 жел, 2019 сағат 12:21

Еуроодақ Ресейге салған санкция мерзімін тағы ұзартты

Еуропа Одағына мүше мемлекет басшылары 12 желтоқсанда Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге салған экономикалық санкция мерзімін тағы алты айға ұзартты.

Бірнеше күн бұрын Парижде өткен "норман төрттігі" саммитінде Ресей президенті Владимир Путин және Украина басшысы Владимир Зеленский алғаш рет көзбе-көз кездесіп, тараптар жыл соңына дейін Украина шығысында атысты тоқтату режимін толық жүзеге асыруға келіскен. Олар сонымен бірге өзара тұтқын алмасып, Донбаста әскер мен техниканы қарсылас тараптар тұрған майдан шебінен ішінара әкету үшін 2020 жылдың наурызына дейін үш қосымша аймақ белгілеуге уағдаласқан.

Алайда Путин мен Зеленский жергілікті сайлау өткізу немесе Ресеймен шекарадағы аумақты Украинаға қайтару сияқты күрделірек мәселе бойынша келісімге келе алмаған.

Мәскеуге салған санкция мерзімін ұзарту туралы шешім осы саммит қорытындысын Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Ангела Меркель Брюссельде хабарлағаннан кейін қабылданған.

Ресейдің негізінен қаржы, энергетика және қорғаныс секторына қарсы бағытталған санкцияны Еуроодақ ең алғаш рет 2014 жылы енгізген. Бұл шектеу шараларды Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуына және Донбастағы сепаратистерді қолдауына байланысты салған. Содан бері Еуроодақ санкцияларының мерзімін әр жарты жыл сайын ұзартып келеді. Санкциялар тізімі үнемі толықтырылып, нақтыланып отырады.

Ресей Украинаның шығысындағы жанжалға қатысы барын жоққа шығарады, ал Қырымды өзіне қосып алуын Мәскеу "тарихи әділеттілікті қалпына келтіру" деп атайды.