Еуроодақ Қырым мен Севастопольге байланысты Ресейге салған экономикалық санкция мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Бұл туралы Еуроодақ кеңесінің мәлімдемесінде айтылады.
Санкция Қырым экономикасына инвестиция салуға және туристік қызмет көрсетуге тыйым салады. Қырымдағы кәсіпорындар өз кезегінде Еуроодаққа өнімдері мен табиғи ресурстарды импорттай алмайды. Санкция аясында өзге де шектеулер қарастырылған.
Еуропа Одағы Ресейге қарсы санкцияларын 2014 жылы енгізген. Бұл шектеу шараларды Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуына және Донбастағы сепаратистерді қолдауына байланысты салған. Содан бері Еуроодақ санкцияларының мерзімін әр жарты жыл сайын ұзартып келеді. Санкциялар тізімі үнемі толықтырылып, нақтыланып отырады.
Ресей Украинаның шығысындағы жанжалға қатысы барын жоққа шығарады, ал Қырымды өзіне қосып алуын Мәскеу "тарихи әділеттілікті қалпына келтіру" деп атайды.