04 нау, 2022 сағат 22:07

Этномәдени бірлестіктер Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады


Этномәдени бірлестіктер Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстандағы корейлер ассоциациясына сілтеме жасап.

"Бүгінгі таңда ресей-украин қақтығысына байланысты халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев халықаралық аудиторияның назарын жан-жақты диалогты дамыту қажеттілігіне дұрыс аударып отыр.

«Аманат» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде ол: «Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз...

Сондықтан біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман татулық артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, әлемдегі геосаяси шиеленістің күшеюінің осынау қиын жағдайында қоғамымыздың ішкі топтасуын сақтау міндеті бұрынғыдан да өзекті әрі маңызды бола түсуде. Біз барлық жауапты қоғамдық күштерді, азаматтарымызды Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жаңа бағыты төңірегіне топтасуға, жалпыұлттық ынтымақ пен бірлікті нығайтуға, елді дамытуға бағытталған жасампаз саясатын қолдауға шақырамыз.

Біз бейбіт аспан, әр шаңырақта береке-бірлікті сақтау – келешек ұрпақ алдындағы қасиетті ортақ борышымыз екеніне терең сенімдіміз. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!" - делінген хабарламада.