27 қар, 2025 сағат 12:21

Есту қабілеті нашар таксистке ақшасын бермей кеткен жігіт полицияға жеткізілді

Фото: Tengrinews.kz

Көкшетауда такси ақысын төлемей кеткен жолаушы анықталып, полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

26 қарашада әлеуметтік желілерде Астана–Көкшетау бағытында келе жатқан таксиден ақы төлемей түсіп кеткен жолаушы туралы ақпарат тараған еді. Видеоматериал көпшіліктің қызу талқысына түсіп, кең резонанс тудырды. Қоғам наразылығын тудырған басты жайт - такси жүргізушісінің есту қабілеті бұзылғаны. 

Құқық бұзушылықтың қылмыстық немесе әкімшілік құрамына жатпайтынына қарамастан, полицейлер оқиғаға жедел әрекет етті. Жолаушының кім екенін анықтап, ішкі істер органдарына жеткізуге бағытталған шаралар бірден қолға алынды.

Сол күні полиция Көкшетаудың 30 жастағы тұрғынын тапты. Оның айтуынша, ол 24 қарашада таксимен жолға шыққан, алайда қаржылық қиындықтарға байланысты жол ақысын төлемей көліктен шығып кеткен.

Құқық қорғау қызметкерлері ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ол өзінің әрекетіне өкініп, сапар құнын толық өтеді.