27 қаң, 2021 сағат 05:55

Эстония үкіметін алғаш рет әйел адам басқармақ

Таллинде 26 қаңтарда Эстонияның жаңа үкіметі ант берді, оны ел тарихында алғаш рет әйел адам – Реформалар партиясының төрайымы Кая Каллас басқарды, деп хабарлайды dw.com.

Парламентте сөйлеген 43 жастағы Каллас құрамы жеті әйелден тұратын жаңа кабинет «өсу үкіметі» болады деп мәлімдеді. Ол коронавирус пандемиясынан туындаған экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруді бірінші кезектегі міндеттің бірі деп атады.

Эстония президенті Керсти Кальюлайд Кая Калласқа 13 қаңтарда бұрынғы премьер-министр, Орталықшыл партиясының төрағасы Юри Ратас сыбайлас жемқорлыққа байланысты отставкаға кеткеннен кейін үкімет құруды ұсынды.

Dpa агенттігінің хабарлауынша, бұл партияға қатысты даулы мемлекеттік несие туралы тергеу жүргізіліп жатыр. Кая Каллас – Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсына кіретін Еуропа парламентінің бұрынғы депутаты. Ол – бұрынғы премьер-министр және Еурокомиссияның бұрынғы мүшесі болған Реформалар партиясын құрушылардың бірі Сийм Калластың қызы.