08 қар, 2018 сағат 14:40

Эстония Премьер-Министрі АЛЖИР тұтқындарының рухына тағзым етті

АЛЖИР музей-мемориалдық кешенінде 1938-1953 жж. лагерьде жазасын өтеген эстондық әйелдерге арналған тақта ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Шараға Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юри Ратас, Эстонияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина және музей қызметкерлері қатысты.

1938-1953 жылдар аралығында АЛЖИР лагерінде 21 эстон әйел жазасын өтеген, олардың екеуі басына түскен азапқа төзе алмады, қаза тапты. Олар қиындықтарға қарамастан күйеулеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ, өмірлерінің соңына дейін оларға адал болып қалды, мұны ерлік деуге болады.

Эстония Премьер-Министрі Юри Ратас адам төзгісіз бейнетті басынан өткерген АЛЖИР тұтқындары, эстон әйелдердің рухына тағзым етті.

Естелік тақтаның ашылуы барысында қонақтар үшін музей аумағында орналасқан экспозициялар бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Келушілер «Алаш» және «АЛЖИР» залдарын тамашалады. Сапар соңында Ратас мырза Пікірлер кітабында өз тілегін қалдырып, 30-50 жж. саяси қуғын-сүргінде жазықсыз құрбан болғандарды есте қалдыруға жағдай жасаған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

Шетелдік мейманға музей тарапынан естелік ретінде жаппай саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына және музейдің 10 жылдығына орай шығарылған репрессияға ұшырағандардың балаларының «Ұрпақтар ұмытпайды. Помнят потомки» атты жинағы табысталды.