ESPN Deportes мәліметінше, Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жектер трилогиясының соңғы бөлігі биылғы жылдың қыркүйегінде өтуі мүмкін, деп хабарлайды Sports.kz.
Алайда Головкиннің мексикалық спортшы Хайме Мунгиямен мамыр айында жоспарланған айқасында басым түсуі бұның міндетті шарты болып отыр. Аталған жұдырықтасудың жеңімпазы рингте Альвареске қарсы шығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
«Егер Головкин (Мунгиямен айқаста) жеңсе, қыркүйекте «Канеломен» үшінші жекпе-жектің өткізілуіне қол жеткізеді, ал егер Хайме жеңсе, бұл болашақта «Канелоға» қарсы шыға алатын жаңа жұлдыздың жанғаны», - деп жазды журналист Сальвадор Родригес.
Головкин-Мунгия арасындағы жекпе-жектің өткізілуіне боксшылардың тараптары да, DAZN стримингтік қызметі де қызығушылық танытып отыр.