16 шіл, 2021 сағат 19:15

Есмағамбетова вакцина алып кейін коронавирус жұқтырғандар туралы айтты


ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова вакцина алып кейін коронавирус жұқтырғандар статистикасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлығы 4,8 миллион вакцина салдырған адамдардың 0,06% коронавирус жұқтырған. Нақты сандармен айтсақ, істердің жалпы саны – 3165 науқас тіркелген. Оның ішінде бірінші компоненттен кейін – 1684, екінші компоненттен кейін-1481 адам ауырған. Вакциналар бойынша, «Спутник V» вакцинасынан кейін – 2791, Hayat Vax – 293, CoronaVac – 18, QazVac – 59 адам ауырған. Мұндай аз көрсеткіштің болуы да вакцинаның тиімділігін көрсетеді», - деді Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Сонымен бірге, спикер Павлодар облысында коронавирустан қайтыс болған әйелдің өлімі вакцинамен байланысты еместігін айтты. 

«Шынында да мұндай жағдай бар, бірақ бұл жағдай вакциналаумен байланысты емес. Ол маусым айының соңында бірінші компонентті салдырған, өкінішке орай, вакцина алған соң екі аптадан кейін көз жұмды. Патологиялық-анатомиялық ашу нәтижелері бойынша, оған кардиомиопатия диагнозы қойылған. Демек, бұл вакциналаумен байланысты емес, әсіресе осынша уақыттан кейін вакциналау әсері болмайды», - деп түсіндірді Есмағамбетова.