Коронавирус маусымдық аурулар тобына енеді. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нысандардың жұмысын жандандыру біртіндеп жүріп жатқанына тоқталған ол: «Осы нысындарға санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау бойынша қосымша талаптар ескерілген. Кәсіпкерлік нысандарын іске қосу біртіндіп жүргізіледі, яғни адамдардың қарым-қатынасы барынша азаяды», - деді.
Сонымен қатар Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері кәсіпкерлік нысандары тиісті талаптарды орындауға міндетті екенін атап өтті.
«Карантин болмағанның өзінде біз коронавируспен қатар өмірімізді жалғастыратынымызды түсінуіміз керек. Бұл індет маусымдық аурулар тобына көшеді, яғни бұған дейінгі құс тұмауы секілді жағдай орын алады. Сондықтан біз осымен өмір сүруге дағдыланып, қорғану шараларын үйреніп, күнделікті профилактикалық шараларын іске асыру керек. Сәйкесінше, кәсіпкерлік нысандары, кез келген өндірістер бекітілген талаптарды орындауы тиіс», - деді Айжан Есмағамбетова.