ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова кей өңірде коронавирус жұқтырғандардың санының азаймай, тіпті өршіп бара жатқанына байланысты халықты тағы да карантин тәртібін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда қазіргі таңда коронавирус жұқтырған азаматтардың ауру белгісін байқамай немесе жеңіл түрде көтеретіндердің үлесі - 79 пайыз. Қалған 18 пайызы ауруды орташа жағдайда бастан өткерсе, 21 адамның жағдайы ауыр, ал 2 адамның жағдайы аса ауыр күйде болып отыр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің айтуынша елдегі стацинарларда 1180 ем алуда. Коронавирус жұқтырған адамдардың бәрінің де жағдайы бақылауға алынған.
«Жалпы вирус ошақтарында байланста болған 31 512 адам анықталды. Оның ішінде 30 850 адам (немесе 98 пайызы) оқшауланған. Жалпы ауруды жұқтыру деңгейі елде 15 пайыздық мөлшерде. Алайда кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 20-дан 60 пайызға дейінгі шаманы көрсетуде. Бұл жағдай әр өңірде енгізілген карантин тәртібін қатаң сақтауға мәжбүрлейді», - деді ол.