28 қаз, 2021 сағат 18:54

Есірткіні ойыншыққа жасырған: Көкшетауда 18 жастағы студент қыздар ұсталды


Ақмола облысында 18 жастағы студент қыздар синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Рефлекс» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде синтетикалық есірткілерді жасырумен айналысатын колледж студенттері ұсталды. Олар бұл істі қосымша жұмыс іздеп жүріп, интернеттегі хабарландыру арқылы тапқан. Хабарландыруда асханада істейтін жұмыс көрсетілген. Онда табыс күніне 30 мың теңгеге дейін жететіндігі айтылған. Алайда хат алмасу барысында қыздар бұл істің есірткімен байналысты екенін түсінеді. Соған қарамастан, ұсыныстан бас тартпаған. 

««Рефлекс» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Көкшетау қаласының аумағында «Оқжетпес» стадионының жанында синтетикалық есірткі заттарын жасырумен айналысатын 2 студент қыз ұсталды. Олардан есірткінің 95 түйіншегі тәркіленді», – деді Ақмола облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов. 

Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Қасым мәлім еткендей, жоғары сынып оқушылары мен студенттер мұндай хабарландыруларға жиі жауап береді және олардың арасында бұл істі тастамай, артынан темір торға түсетіндер де бар. 

Жедел қызметкерлердің айтуынша, қыздар бірлесіп жұмыс істеген. Бірі есірткіні жасырса, екіншісі оның қайда жасырылғанын түсіріп, тапсырыс берушімен хат алмасып отырған. 

Тінту кезінде 18 жастағы студент қыздан ұнтақты, белгілі бір иісі бар, ақ және көк түсті зат салынған 34 түйіншек тәркіленді. Ал ойыншық қонжықтан осындай зат салынған 60 түйіншек табылды. 

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен қайта сараланатын болады. Осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп атап өтті Мейрам Жапбасов. 

Жыл басынан бері Ақмола облысында есірткі жасырумен айналысып келген 12 адам ұсталды, олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар. Заңсыз айналымнан жарты келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.