05 қаз, 2021 сағат 14:11

Есірткі жарнамалайтын граффити салатындарға қандай жаза қолданылады?


Жыл басынан бері елордада есірткі қылмысына қатысты 800-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Сергей Ильиных айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сурет, граффити салу қылмыстық әрекетіне жастар, студенттер тартылады. Олар тіпті мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтарын да білмейтіндері бар. Жапсырмалар, суреттер қалдыратындардың көпшілігіне, жастарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мұндай әрекеттер түнгі уақытта бейне бақылау камерасы жоқ жерлерде жасалады. Қазіргі уақытта әкімдікпен, аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, қаланың барлық бөлігін цифрландыру жүргізілуде. Бұл жастар жазбалар мен есірткі жасыратын орындар қалдырмауы үшін жасалып жатыр», - деді Сергей Ильиных. 

Оның атап өтуінше, есірткі курьеріне, есірткі заттарын жасырын орынға қойып кететін адамдарға 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Жаза мерзімі есірткі затының салмағына, қылмыстың ауырлығына байланысты болмақ. 

Жалпы, жыл басынан бері елорда аумағында есірткінің заңсыз айналымы фактісімен 800-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Күн сайын қалада орташа есеппен 3 адамның үстінен есірткі қылмысына байланысты іс қозғалады