20 шіл, 2020 сағат 14:30

Ешкім ауырмаса да, дәрі-дәрмекті молынан сатып алып, үйде қойма жасаудың қажеті жоқ – дәрігер

Алматыда өткен онлайн брифингте дәрігер-инфекционист Тамара Утағанова халықтың ауырмаса да, дәрі-дәрмекті алдын ала алып, жинауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала дәрі сатып алып, қор жинап, үйде қойма жасаудың қажеті жоқ. Кейін дәрігер ем-домды сіздің үйіңізде бар дәріге қарап тағайындамайды. Сондай-ақ, олардың жарамдылық мерзімі де бар», - дейді Т.Утағанова. 

Дәрігердің айтуынша, антибиотик - вирусты пневмонияны емдеуде ең бірінші қажет дәрі емес. Оны тек бактериалды асқыну, екінші инфекция қосылған жағдайда тағайындайды. 

«Бізге келген науқастардың көпшілігі үйінен антибиотиктің бір емес, бірнеше түрін алып келеді. Антибиотиктен де ағзада аллергия болуы мүмкін. Кейін дисбактериоз туындауы ықтимал. Сонымен ол керісінше ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді»,- дейді дәрігер. 

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясынан көбіне ересек адамдар жапа шегеді. 

«Балаларда жеңіл өтетіні рас. Бірақ, бұл санитарлық нормаларды сақтамау керек дегенді білдірмейді. Міндетті түрде сақтық шаралары жасалуы керек», - деді ол.