18 қар, 2018 сағат 08:42

Ержан Максимді Junior Eurovision байқауына аттанды

Ержан Максим Польшада өтетін Junior Eurovision халықаралық байқауына аттанды, – деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Алматы әуежайында әншіні туған-туыстары мен жанкүйерлері шығарып салды. Олар әуежайға екі сағат бұрын келген. Жас талант бұл байқауға тыңғылықты дайын екендігін айтады. Ол Польшаға жеткен соң күніне 2-3 сағаттан жаттығуды жоспарлап отыр.

«Маған Диснейдің көбінесе мультфильмдері ұнады. Сондай өлеңдерге ұқсатып жазылды. Енді Junior Eurovision-ға дейін көптеген дайындықтар болады» деді ол.

 Е.Максимнің әкесі оның жеңіске жететінінен үмітті.

«Ержанға сенеміз. Қолынан келгенше өзінің бар талпынысын салады деген ойдамыз. Үміттеміз. Жақсы бір жетістікке жетеді деген ойдамыз. Бәрі оңынан болсын деп тілейміз», - дейді Ербол Максимұлы.

Айта кетейік, Ержан Максим Eurovision байқауына арнайы ән жаздырып, оған бейнеклип түсірді. Ал тікелей конкурс күндері көрермендерге түрлі сахналандырылған қойылымдар ұсынылмақ. Еске салсақ, оралдық әншінің аталмыш халықаралық байқауға қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

10 қазан күні ол Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, байқауға арналған «Арманыңнан қалма» әнінің бейнебаянын көрсетті. Оның режиссері - Александр Фломбойм, продюсері - Сергей Руцкий. Әннің авторлары - Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов. 15 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Ержан сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты.

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің айтуынша, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады. Junior Eurovision музыкалық байқауының ашылу рәсімі 18 қараша күні өтіп, жас әншілер жеребе тартады. Сол арқылы сахнаға шығатын реттік нөмірлері анықталады. 24 қарашада болатын финалдық кезеңді «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирден көруге болады.

Жеңімпазды телекөрермендердің дауыс беруі мен құрамына 3 ересек және 2 бала кіретін байқауға қатысушы елдердің төрешілері анықтайды. «Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті.

Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ал Қазақстан байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты. Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.