16 мам, 2019 сағат 16:43

Ержан Максим екінші орын алған "Голос. Дети" нәтижесінің күші жойылды

Қазақстандық жас дарынды әнші Ержан Максим екінші орын алған ресейлік "Голос. Дети" байқауының финалдағы нәтижесінің күші жойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірінші арна жасаған мәлімдемеде шоудың дауыс беру кезеңіне сырттан ықпал болғаны айтылған.

"Тексерудің аралық нәтижесі көрсеткендей, дауыс беру кезеңінде сырттан ықпал болып, бұл шоу қорытындысына әсер етті. Group-IB толық есепті мамырдың соңына дейін ұсынады, аралық қорытынды негізінде Бірінші арна "Голос. Дети" жобасының алтыншы маусымының нәтижесінің күшін жоюға шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, шоудың ақтық кезеңіндегі дауыс беру нәтижесі қоғамның наразылығын тудырып, шу болып кеткен еді. Дауыс беру нәтижесінде атақты ресейлік әнші Алсудың 10 жасар қызы Микелла Абрамова 56,5% дауыс жинап, "Голос. Дети" жобасының жеңімпазы атанған болатын. Бірінші арна финал қорытындысын тексеріп, тіпті Group-IB халықаралық компаниясын тергеуге жұмылдырды.

Group-IB хабарлағандай, Микелла Абрамованың нөмірі – 7 санына шектен тыс көп мөлшерде СМС хабарлама автоматты түрде жіберіліп отырған. 300 шақты телефон нөмірінен 8 мыңнан астам хабарлама түсіпті.

Бірінші арна хабарлағандай, 24 мамыр күні "Голос.Дети" байқауының арнайы бөлімі барлық финалистердің қатысуымен тікелей эфирде көрсетіледі. Ал келесі маусымға дейін дауыс беру механизмі жаңартылмақ.