Қазақстан Президентінің бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев республикадағы Қытайға қарсы наразылықтарға АҚШ-тың қатысы бар деп санайды.
"Қытаймен сауда соғысын жүргізіп жатқандықтан, бұл Американың ісі деп ойлаймын. Америка ғана Бейжіңнің Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы саясатына қарсы шығып жатыр", - деді Ертісбаев "Время" газетіне берген сұхбатында.
Ол Вашингтон Бейжіңнің Шыңжаңды дамытуға қомақты қаржы салғанын елемей отырғанын айтты.
"Америка Қытайдың тез көтерілуіне көптен бері алаңдап отыр. Қытайлар чипке жететін болса – бітті! Америка №1 держава болудан қалады", - деп болжады Ертісбаев.
Ертісбаевтың айтуынша, Қытайдың басты мақсаты – инфрақұрылым. Қытай әзірге Қазақстан нарығына үлкен қызығушылық танытып отырған жоқ.
Саясаткер Қазақстанның Қытай алдындағы сыртқы қарызы туралы айта келе, ол "ажалды емес" және Ұлттық қордың қаражаты есебінен ертең-ақ өтеп тастауға болады деп сендірді.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айының басында Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанның төрт қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Жаңаөзенде Қазақстанда 55 қытай зауытының салынуына қарсы митингілер өткен еді.