23 ақп, 2024 сағат 12:34

Ертеңім үшін қорқа бастадым — журналист Бишімбаевты қорғап жатқан адвокаттар туралы


Журналист Баян Хасанова Қазақстандағы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңмен алысып жатқан депутаттар мен әйелін ұрып өлтіру ісі бойынша тергеліп жатқан Қуандық Бишімбаевты ақтап алу "операциялары" туралы сөз қозғады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Аманжол Әлтай "Әйелдер мен балалар құқығына қатысты" заң әкелер рөлін тым сүмерейтіп жібере ме деген алаңдаушылығын жеткізген болатын. Журналист депутаттар заң шығаратын, заң қабылдайтын жерде отырғанымен заңнан хабары жоқ па деп алаңдайды.

"Мына ауру қоғам екі жақтан қысып бітті. Бір жағы, депутаттар отыр, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңмен алысып. Ол еркектердің қоғамдағы рөлін кішірейтеді-міш. Сол заң қабылданса, әйелдер оларды басынып, олар сүмірейіп қалады-мыш. Осыны айтып отырған адамның өзі - қоғамдағы стреотиптердің құрбаны. Заң шығаратын, заң қабылдайтын жерде отырып, заңнан хабары жоқ па дедім. Бұл заң зәбір көргеннің бәрін қорғайтынын, жауыздар аяғын тартып жүретінін түсінбей ме, әлде кезекті спектакль ме? Түске дейін осыған ашуланып алған едім. Мыңмен жалғыз алысқан Жұлдыз Сүлейменова ханымның жауабын естіп қана, көңілім орнына түсті", - деп жазды Баян Хасанова.


Бұдан кейін журналист Қуандық Бишімбаевты ақтауға кіріскен адвокаттардың сөзіне шүйлікті. Айта кетейік, экс-министрдің адвокаттары Бишімбаев әйелінің өліміне өзін кінәлі сезінбейтінін жеткізген еді.

"Енді міне, түстен кейін үш әйел отырып алып, Бішімбаевты ақтауға көшіпті. Кәдімгідей жүректері елжіреп, “ол сүйікті жарынан айырылды, өзі әлі сене алар емес” дейді. Сөзім жоқ. Әдейі өлтірмеген, жай ерлі-зайыптылар арасындағы төбелес қой деп қояды. Төбелес норма болғаны ғой олар үшін. Әрине ондай қылмыскерді осылай ойлайтындар ғана қорғайды. Ешқандай тікелей айғақ жоқ дейді. Тікелей айғақ Салтанат тіріліп келіп, оқиғаны баяндап берсе ғана болады. Біздің гуманды адвокаттар оған да сенбеуі мүмкін", - деді журналист.


Сондай-ақ журналист адвокаттардан сұхбат алған интервьюер Гүлжан Ерғалиеваға да назын жеткізді.

"Гүлжан Ерғалиеваның таңданғанын айтсаңызшы. Демек, бұл істің астарында гәп бар екен ғой деп. Гәп сол, сіздерге жерге түсу керек. Сіз надан деп атаған, Алтын орда жақта тұратын, сүйікті Алматыңызды қызғанатын халықтың өзі жағдайдың ақ-қарасын ажыратып, сізге қарағанда жақсы түсініп отыр. Интуитивті түрде ненің айуандық, ненің зорлық-зомбылық екенін біледі. Өйткені ондай жағдаймен сізге қарағанда жиірек бетпе-бет келеді. 
Өлімнен ұят күшті дейді ғой. Осы үш әйел мен депутат үшін неге екенін, мен ұялып барамын. Әрі ертеңім үшін қорқа бастадым, - деп жазды Баян Хасанова.