27 нау, 2025 сағат 15:33

Ерте жүктіліктің себебі не?


Фото: Envato

Ерте жүктілік – медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жасөспірімдердің жүктілігі ең көп таралған кезең – 15-17 жас аралығы екен. Бүгінгі таңда кәмілет жасына толмай бала көтеру тек жеке адамның ғана емес, қоғамның да өзекті мәселесі болып отыр. Елімізде де жыл сайын ерте жүктілік фактілері тіркеліп жатады. 

Мысалы ақпан айында Таразда 16 жастағы жасөспірім қыздың аяғы ауырлап қалып, күдікті ретінде қыздың 54 жастағы өгей әкесі ұсталды. Бұған байланысты Жамбыл облысы полиция департаменті: 

«Қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 3-1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалған. Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды», – деп мәлімдеген.


Ерте жүктіліктің себебі әр түрлі болады екен. Оның бірі – жасөспірімдер арасында жыныстық сауаттылықтың төмендігі мен дұрыс ақпараттың болмауы болса, кейде отбасылық жағдай – ата-ана бақылауының әлсіздігі, тұрмыстық қиындықтар немесе отбасындағы келеңсіздіктер де себеп болуы ықтимал. Достарының немесе қоғамның қысымы мен ықпалы да өз әсерін тигізетін көрінеді. Мамандар теледидар, интернет және әлеуметтік желілерде жыныстық қатынасқа қатысты еркін көзқарастың қалыптасуы да кәмілет жасына толмағандардың осындай қадамға баруына себеп болуы мүмкін екенін айтады. Бұдан бөлек, кейбір жағдайларда қыздар өз еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп, яғни зорлық-зомбылық құрбаны болып, еріксіз жүкті болып қалады. 

«Бұдан сақтанудың жолы ата-аналардың жасөспірім балалардың, әсіресе қыз балалардың әлеуметтік желідегі әрекетіне бақылау жасау маңызды және зорлық-зомбылықтың кез келген бейнесіне төзбеушілікпен қарауымыз керек. Егер ондай қауіп-қатер көрсеңіз, онда міндетті түрде тиісті құзыретті органдарға хабарлап отыру маңызды», – дейді Оқу-ағарту министрі орынбасары Еділ Оспан.


Еділ Оспанның сөзінше елде зорлық-зомбылықпен күресті күшейту керек және ата-аналар балаларының әлеуметтік желілерін бақылауды күшеюі қажет.

Мамандар ерте жүктілік жасөспірімдердің денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашақ өміріне айтарлықтай әсер ететінін айтады. Сондай-ақ ерте жүкті болған қыздар білім алу мүмкіндігін жоғалтып, қоғамнан алшақтайды.  Сондықтан жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру, оларға жүктіліктен сақтану жолдарын түсіндіру, ата-анамен сенімді қарым қатынас орнату, оларды әлеуметтік қолдау және медиа мен қоғамның жауапкершілігін арттыру маңызды дейді.

Вице-министр Ult.kz тілшісінің сұрағына жауап беру кезінде ерте жүктілікке ұшырайтын жасөспірімнің тұрмыс жағдайы, оқу үлгерімі, тұратын жері сияқты мәліметтер анықталып, мониторинг жүргізілетінін айтты, бірақ жеке адамның мүддесін қорғау үшін құпия сақталады екен.

Оқу-ағарту министрі орынбасарының сөзінше білім беру ұйымдарында педогогтар балаларға білім береді, ал жыныстық тәрбиені арнайы денсаулық сақтау мекемелері жүргізеді. 

«Біз ол мекемелермен тұрақты байланыстамыз. «Адал азамат», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының бір бағыты мемлекеттік ұйымдармен жұмысты жүйелендіру. Яғни біз сол сала мамандарын білім беру ұйымдарына шақырып, жас ерекшеліктеріне байланысты жасөспірім қыздарымызға алдын ала осындай тәрбие беруге шақырамыз және ол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның «Жастардың денсаулық орталығы» деген барлық өңірлерде үлкен мекемелері бар. Осы мекемелерде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізеді», – дейді Еділ Оспан.


Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша соңғы 5 жылда ерте жүктілік 43 пайызға азайған.

2024 жылы 15-17 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың арасында жүктілік және босану жағдайларының саны 2023 жылмен салыстырғанда 10,2%-ға (1000 тұрғынға шаққанда 3,9-ға қарсы 3,5) және 8,2%-ға (1000 тұрғынға шаққанда 3,14-ке қарсы 2,88) төмендеді. Сондай-ақ, ерте жыныстық қатынасқа түскен қыздардың арасында аборт саны 13,4%-ға азайды.

«Бүгінгі фертилдік жастағы балалар мен жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығының жағдайды кейінгі 10-15 жыл ішіндегі демографиялық процестерге тікелей әсер етеді», – деп отыр Денсаулық сақтау министрлігі.


БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) зерттеуіне сәйкес контрацепцияның қазіргі заманғы құралдарын жалпы ел бойынша да, өңірлер бойынша да пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі ең жоғары мәндерімен 20%-дан аспайды.

Ал Сенатор Нұртөре Жүсіп жыл басында Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрлігіне мектептегі бақылауды күшейту керегін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Нұртөре Жүсіп 2023 жылдың өзінде 5 мыңнан астам жасөспірім ерте ана болғанын, бұл медициналық ұйымдарға тіркелгені ғана екенін айтып дабыл қақты. Депутат мұндай жасөспірімдердің көбі зорлық-зомбылық көргендер деген. 

«Біз бұл мәселеге ерекше назар аудармай болмайды. Өйткені мұның әлеуметтік салдары бар. Бұл өте нәзік әлеуметтік мәселе. Жүкті болған мына қыз балалар автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді және білім алу мүмкіндігін жоғалтады. Әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Сондықтан осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ұлттық деңгейде жүйелеу қажет деп есептеймін», – деген еді Сенат депутаты.