14 қаз, 2016 сағат 11:09

Ермекбаев діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын 2 бағытта жүргізбек

Дін саласындағы жұмыстарды  үйлестіру үшін Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құрылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дін саласындағы көптеген ведомстволардың жұмысын үйлестіру үшін Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құрылатын болады. Осы орайда министрлік дінді теріс мақсаттарға пайдалануға ұмытылатын кез келген әрекетке жол бермеу және жолын кесу үшін барлық шараларды қабылдайтындығын атап айтқым келеді»,-  деді ол.

Оның айтуынша, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары негізгі 2 бағытта, атап айтқанда жалпы профилактика және мақсатты реабилитациялау жұмыстары арқылы жүргізілетін болады.

«Жалпы профилактика қоғамда діни экстремистік идеологияны жақтырмау ахуалын қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді көздейтін болады.  Ал мақсатты реабилитация, яғни оңалту тәуекел топтар мен экстремистік ағымдардың идеологияларына еріп кеткен адамдарды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыстар жүргізу арқылы іске асырылады. Бұл бағыттағы шаралар барысында Ішкі істер министрлігінің түзеу мекемелерінде, яғни колонияларда жазаларын өтеушілерге  ерекше назар аударылады», - деді Ермекбаев.