ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қоғамның пікірін ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдарға гранттар бөлудің жаңа ережелерін жасап шықты, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Осының арқасында үкіметтік емес ұйымдарға грант бөлу жүйесі жеңілдетілмек. Бұл туралы бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев xалықпен өткізген кездесуде мәлім етті.
"Жаңа ереже енгізілгенде грант бөлу жұмыстары қарапайым болады. Сарапшылық комиссияны құру тәртібі егжей-тегжейлі жазылды, ол комиссияға қандай сарапшылар тартылатыны да көрсетіліп отыр. Грант беруші көздердің тізімі де кеңейеді. Сіздер білесіздер, гранттарды тәуелсіз оператор - Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы үлестіреді. Қазір ол оператордың қоры тек бюджет есебінен толыға алатын болса, келешекте оған әкімдіктерді және тәуелсіз демеушілерді қосуды жоспарлап отырмыз", - деді Ермекбаев.
Министрдің сөзінше, ҮЕҰ мен сарапшылық қауымдастықтың пікірі министрлік үшін маңызды.
"Әрдайым ашық диалогта болу басты маңызға ие. Министрлік ҮЕҰ мен сарапшылық қауымдастықтың пікіріне қарап, өз бағытын айқындайды. Біздің министрлік ҮЕҰ-ны басып-жаншу үшін құрылған жоқ. Кейбір сарапшылар керісінше жазып жүр, бірақ ол олай емес, оның барлығы қате түсінік пен дәлелденбеген үрей", - деді ол.
Былтыр министрлік VII Азаматтық форумды өткізді, оған шамамен 300-ден астам үкіметтік емес ұйым қатысты. Ермекбаевтың айтуынша, форум барысында Азаматтық форумның ұсыныс жоспары жасақталды. Ол ҮЕҰ мен Үкіметтің бірлескен жұмысына 2 жылдық жоспар құруға сеп болды.