06 ақп, 2021 сағат 17:00

Ерлан Сыдықов Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры болып қайта тағайындалды

Ерлан Сыдықов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып қайта тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі Басқарма төрағасы - ректор лауазымына үміткер ретінде конкурсқа қатысқан бес азамат әзірлеген университетті дамыту бойынша бағдарламаларын қарастырды. 

Дауыс беру нәтижесінде Республикалық комиссияның қарауына Сәуле Көшкенқызы Амандықова мен Ерлан Батташұлы Сыдықовтың кандидатуралары ұсынылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен Республикалық комиссия Директорлар кеңесі ұсынған үміткерлермен әңгімелесу өткізіп, «Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - ректоры лауазымына Ерлан Батташұлы Сыдықовты таңдады.

Айта кетейік, ЖОО Директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз директор ретінде Мұрат Әбенов, Қанат Нұров, Әлихан Бәйменов, Данияр Әшімбаев, Александр Ван Де Путт және басқа да азаматтар кіреді.

Сыдықов Ерлан Батташұлы 1956 жылғы 29 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. 

1978 жылы «Тарих» мамандығы бойынша С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1984 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдады.

1996-1999 жж.– ҚР ҰҒА тарих және этнология институты. 

2002-2004 – Қазақ гуманитарлық заң университеті, мамандығы – «Юриспруденция».

Жамбыл технологиялық ет және сут өнеркәсібі институтының Семей қалалық филиалының стажер-зерттеушісі, КОКП тарихы және саяси экономия кафедрасының доценті, саяси тарих кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл технологиялық ет және сут өнеркәсібі институтының Семей қалалық филиалының коммерциялық және оқу-тәрбие жұмысы бойынша проректоры, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің кеңесшісі, Семей педагогикалық институтының ректоры, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып жұмыс істеді.

2011 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры.

Тарихи ғылымдардың докторы, профессор. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академик-мүшесі, вице-президенті (2014). «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2005). Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы (2009), Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының құрметті азаматы (2011).