Қазақстан әлеуметтік қарым-қатынас пен экономиканың жаңаша әрі сапалы деңгейіне жылжып келеді. Бұл ретте қоғамда мұғалімдер мен педагогиканың рөлі мен салмағы арта берері айқын. Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров Ұстаздар күні қарсаңында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлем технологиялық сипаты өзгеріп барады. Әлеуметтік қарым-қатынас пен экономиканың жаңаша әрі сапалы деңгейіне жылжып келеміз. Әрине, бұл ретте мұғалімдер мен педагогиканың рөлі мен салмағы арта берері айқын. Алдағы кезеңде тұлғаны тәрбиелеу мен оқытудың орталық фигурасы – ұстаз болып қалары хақ. Сол себепті, педагогика мен мұғалімдерге қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде зор маңыз берілуде. Бүгінгі күні педагогика саласында жетістіктерімен бірге проблемалары да барын біліп отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында педагогиканың жаңа рөлінің негізгі тетіктері айқындалған», - деді сарапшы Ұстаздар күніне арналған «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: мұғалімнің әлеуметтік рөлін арттыру аспекті» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.
Ерлан Саировтың айтуынша, саланың дамуы үшін мемлекет ұйымдастырушылық бағытта жұмысты жетілдіріп, қаржыландыру мөлшерін арттырып келеді.
«Бәріміз білетіндей, келесі жылдан бастап мұғалімдердің айлығы 25 пайызға көбейеді. Осылайша, 4 жыл бойы ұстаздардың табысы екі есеге өседі. Сынып жетекшілігі үшін берілетін еңбекақы екі есеге артады. Демалыс күндері ұзарады. Бұл қадамдар ұстаздарымызды қанаттандырады деген сенімдемін», - деді ол.
Еске сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бекітілген болатын.