ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл қорығындағы заңсыздықтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының белгі беруі бойынша прокуратура және өзге де мемлекеттік органдар бірлескен тексеру жүргізген болатын. Қазір оның нәтижесі қолымызда. Инспекторлар тарапынан бірнеше адам Марқакөл қорығында заңсыз балық аулады деп күдіктеліп отыр... Марқакөлде бұл бірінші рет тіркеліп отырған жайт. Әзірге ол туралы пікір айтқым келмейді. Онда не болып жатқанын жауапты мемлекеттік органдар анықтауда. Аталмыш су қоймасын қорғауға жергілікті атқарушы орган бекітілген. Сондықтан, тексерулердің қорытындысын күтейік», - деді вице-министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлінде заңсыз балық аулап жүрген қылмыстық топпен күресуді тапсырған болатын.
Осыдан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі Марқакөлдегі заңсыздықтар бойынша арнайы операция өткізді. Қылмыстық топ ұсталып, қамауға алынды.