Фото: Akorda.kz
Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып қайта сайланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Пленарлы отырыста жаңадан сайланған депутаттар ант бергеннен кейін төменгі палата төрағалығына Ерлан Қошановтың кандидатурасы ұсынылды. Төраға лауазымына үміткерлер бойынша басқа ұсыныстар түскен жоқ.
Санақ комиссиясының хатшысы Наталья Дементьева Парламент Мәжілісінің төрағасын сайлау бойынша жасырын дауыс берудің тәртібі туралы айтты. Артынша депутаттарға бюллетеньдер таратылып берді. Олар ұсынылған кандидатты қолдап немесе қарсы болып дауыс береді. Белгіленбеген бюллетеньдер жарамсыз болып саналады. Дауыс беруге 20 минут берілді.
Кейін санақ комиссиясының төрағасы Жанарбек Әшімжан нәтижені жариялады.
«Дауыс беру үшін депутаттарға 98 бюллетень берілді. Жақтағандар - 98, қарсы болғандар - жоқ. Мәжіліс төрағасын сайлау бойынша Ерлан Қошановқа дауыс берудің хаттамасы ұсынылды», - деді ол.
Сонымен қатар Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасының орынбасарлары сайланды. Спикер Ерлан Қошанов бұл лауазымға "аманаттық" Альберт Рау мен "Ақ жол" өкілі Дания Еспаеваның кандидатураларын ұсынды. Төменгі палата мүшелері екі кандидатураны да қолдап дауыс берді.
Еске салайық, Альберт Рау - Мәжілістің VI және VII шақырылымдарының депутаты. Соңғы шақырылымда Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Ал Дания Мәдиқызы - Мәжілістің VII шақырылымының депутаты. 2019 жылғы сайлауда президенттікке кандидат болды. Депутаттық қызметке дейін 1982 жылдан бастап банк жүйесінде жұмыс істеген. Банктердегі жалпы еңбек өтілі - 34 жыл, оның 17 жылы басшылық қызметтерде болған.