24 ақп, 2021 сағат 17:05

Ерлан Қиясов Үкімет мүшелеріне қай вакцина салынатынын айтты

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мемлекеттік қызметшілерге вакцина салдыру кезеңін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Үкімет мүшелері мен депутаттарға вакцина салдыру қашан басталатыны сұралды. 

«Олар мемлекеттік қызметшілермен бірдей вакциналаумен қамтылады. Бұл кезең медицина қызметкерлерін, педагогтарды, әскерилерді толыққанды вакциналағаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді вакциналау ескеріледі», - деді Қиясов. 

Олар қолжетімді вакцинамен қамтылмақ. 

«Екпе салдыру қарқынын ескерсек, ол «Спутник V» вакцинасы болуы мүмкін. Тізім бойынша шамамен наурыздың соңы мен сәуір айының басында іске асырылады», - деді вице-министр. 

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.