Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Жаңа жылға дайындаған бағдарламаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ortcom.kz.
Мереке қарсаңындағы апта мәңгілік махаббат жайлы аңыз негізінде түсірілген «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» атты 6 бөлімді көркем телехикаяның тұсаукесерінен басталады.
«31 желтоқсан сағат 22:30-да танымал шоу-бизнес жұлдыздарының қатысуымен жаңа жылдық сиқырға толы «Сыңғырлаған сиқырлар» мерекелік шоу-бағдарламасы эфирге жол тартады. Аталған жобаға, Кәмшат Жолдыбаева, Айгүл Иманбаева, Бүркіт, Әли Оқапов, Айқын Төлепбергенов, Кеш You, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Төреғали Төреәлі, Олжас Абай және «Qazaqstan» арнасының танымал жүргізушілері Жансерік Бейсеев, Айсұлу Рыспанова, Ирина Тен, Баян Бақкелдіқызы, Нартай Аралбайұлы қатысады. Ең кішкентай телекөрермендеріміз үшін 31 желтоқсан сағат 12.35-те әйгілі «Walt Disney» кинокомпаниясының қазақ тілінде дубляждалған «Рапунцель» мультфильмі көрсетілетін болады», - деді «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қарин.
Сонымен қатар ол мереке күндері «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасының гала-концертінің қайталауы болатынын және көрерменге мерекелік концерттер ұсынылатынын айтып өтті.
«25-29 желтоқсан аралығында күнделікті сағат 21.45-те Ұлттық арна көрермені қазақ мәдениеті мен өнерінің ұлы мұрасының экранизациясын тамашалай алады. Сенбі күні, 30 желтоқсанда, сағат 20.00-де кәсіпкерліктің қыр-сырын ашып, бизнестің оңтайлы жолын көрсеткен «Үміткер» реалити-шоуының ақтық шығарылымы өтеді. Сондай-ақ, жаңа жылдық жобалардың арасында «Әзіл әлемі», «Тамаша» әзіл театрының 90-шы жылдары түсірілген ең үздік топтамалары, еліміздің танымал вайнерлері, видеоблогерлері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін арнайы «ХА-ХА шоу: Жаңа Жыл 2018» жобасы көрерменге жол тартады», - деді ол.