11 қаң, 2020 сағат 09:49

Ерлан Дәкенов: Телефоннан көз алмайтын жас буынға Абай тағылымын сіңіруіміз керек

Телефоннан көз алмайтын қазіргі жас буынның санасына Абай тағылымын сіңіруіміз керек.

Нұр Сұлтан қалалық әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов ұлы ойшылдың мерейтойы алдында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат7

«Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбек - ұлы ойшыл Абайдың мол мұрасын бүкіл жұртқа паш етудің, кемеңгердің 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өтудің кілті деп білемін. Президент бізге жол сілтей отыра, Абай шығармаларының құндылықтарын мынау дамыған заманмен салыстырады. Өркениетті елдердің алдында қазақ білімді, білікті, ғылымның дамуына үлес қосуы қажеттігін айтады. Бұған барлық ел болып жұмыла кірісуіміз қажет. Әсіресе, күні-түні көзін телефоннан алмайтын болашақ ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Бойларына Абайдан қалған асыл мұраны сіңіру шарт. Өйткені, жұмыла көтерген жүктің қашан да жеңіл екені хақ», - дейді Ерлан Дәкенов.

Оның айтуынша, жастардың бойында патриоттық сезімді, олардың тарихқа деген құлшынысын ояту үшін филармония Абайдың музыка әлеміне қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеп келеді. Бүгін де композитордың әуезді әндері Мемлекеттік академиялық филармонияның репертуарында ойып тұрып орын алған.

«Сондай-ақ, Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өнер ордасының ұжымы, яғни 700 қызметкер «Көзімнің қарасы» шығармасын орындау бойынша челлендж ұйымдастырды. Бұл ауқымды эстафета еліміздің барлық аймағында жалғасын тапты. Абайдың мұрасын, тағылымын жас ұрпаққа жеткізу бағытында еңбегіміз жалғасады. Кемел ойдың кемеңгері Абай Құнанбайұлының есімі ешқашан өлмек емес. Оны бүгінгі ұрпақ ұлықтай береді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.