12 ақп, 2020 сағат 19:57

Еріктілерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр – Мұса Көнеев

Елімізде еріктілерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Бұл туралы «Орал» студенттер альянсының көшбасшысы, БҚО «Ақжайық волонтерлері» волонтерлік корпусының жетекшісі Мұса Көнеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Президенттің қатысуымен елордада «Birgemiz» атты волонтерлер фронт-офисінің ашылуы ерекше күн ретінде есте қалмақшы.

-Волонтерлер жылында біз не істеуіміз керек, нені басшылыққа алуымыз қажет, бұл қозғалыс алдағы уақытта қалай дамымақшы, міне, Мемлекет басшысының сөзінен осы сауалдарға жауап алдық, - дейді М.Көнеев.

Волонтерлер осыған дейін өз қызметтерін ерікті түрде атқарып келсе, енді бұл жұмыс еңбек өтіліне кірмекші. Тағы бір маңызды мәселе, волонтер студенттерге қосымша стипендия берілетіні. Әрине, бұл – жастар үшін үлкен жеңілдік әрі қолдау.

«Орал» студенттер альянсының басшысы ретінде qazvolunteer.kz сайтының жұмысын жақсартуға күш салмақшымыз. Ал «Ақжайық» волонтерлері» барлық бағыт бойынша өз ісін ширата түсетін болады. Бұл ретте аудандардағы еріктілердің жұмысына баса көңіл бөлмекшіміз. Қаламен қатар ауылдық елді мекендерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Аудандарда да сұраныс-талап жетерлік, сондықтан ондағы еріктілердің басын қосып, жобаларын талқылап, жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет», деді Мұса Көнеев.