30 қаң, 2021 сағат 09:08

Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін анимация мектебі ашылады – Аида Балаева

«Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Кез келген өркениетті, рухы биік қоғамның ұстанымы осындай болса керек. 

ХХI ғасыр мың құбылған, сындарлы кезең ғана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер заманы. Әсіресе, айрықша қажеттіліктері бар ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, заман көшінен қалдырмау – баршамызға ортақ міндет. 

Осы орайда, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» жобасын жүзеге асыру бастамасын көтеріп отырмын. 

Бұл шешімнің ұтымды тұстарына тоқтала кетейін. Біріншіден, анимация саласы елімізде жоғары қарқынмен дамып келеді. Сондықтан анимация мамандары отандық және халықаралық нарықта қашан да сұранысқа ие болары сөзсіз. Екіншіден, бұл денсаулығына байланысты бір орында отырып жұмыс істеуге мәжбүр азаматтар үшін өте пайдалы алаң болмақ. Үшіншіден, жоба жас таланттардың жұлдызын жағатын, олардың арманға жету жолындағы алғашқы баспалдағы болады деп сенеміз», - деді министр. 

Аида Балаеваның айтуынша, айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларға жаңа мүмкіндік сыйлауды көздейтін және жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін мектеп жұмысы ақпан айында басталмақ. 

«Оқыту 14-16 жастағы балалар арасында 6 ай бойы жүргізіледі. Осы орайда қайырымдылық жобасына еріктілік танытып, қолдау білдіріп отырған еліміздегі жетекші мультипликация мамандарына алғыс білдіремін.

«Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебіне» өтінімдер balapantv@kaztrk.kz эл.поштасы арқылы қабылданады», - деп түйінденді ведомство басшысы.

Айта кетерлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазіргі уақытта корейлік және жапондық серіктестерімен сол елдің мамандарының қазақстандық жас мамандарға анимацияны оқыту және шеберлік сабағын өткізуіне қатысты келіссөздер өткізіп жатыр.