15 мам, 2023 сағат 12:56

Ердоған Түркиядағы сайлаудың екінші туры болуы мүмкін екенін мәлімдеді

Фото: REUTERS/Pool/Umit Bektas

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елде сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығармады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі DW сайтына сілтеме жасап.

Ердоған қарсыласы Кемал Кылычдароғлумен екінші турға дайын екенін атап өтті. Дүйсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша дауыстарды санау әлі жалғасып жатыр.

"Біз сайлау бірінші турда аяқтала ма, жоқ па білмейміз. Халық бізді екінші турға шығарса, біз бұл шешімді құрметтейміз", - деді Ердоған.

Түркияның оппозициялық альянсының жетекшісі Кемал Кылычдароглу да сайлаушылардың дауыс берудің екінші турын өткізу туралы шешімін мойындайтынын айтты.

"Егер еліміз екінші турды жарияласа, біз міндетті түрде жеңеміз. Қоғамдағы өзгерістерге деген ынта 50 пайыздан жоғары", - деді ол.

Айта кетейік, Түркиядағы президент сайлауында берілген дауыстардың 96,15 пайызын санау қорытындысында кандидаттардың қажетті 50 пайызды жинай алмағаны анықталды. Белгілі болғандай, сайлаушылардың 49,42 пайызы қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанға дауыс берген. Оның басты бәсекелесі Кемал Кылычдароғлу 44,88 пайыз дауыс жинады.

Түркия заңына сәйкес, егер кандидаттардың ешқайсысы дауыстардың жартысынан көбін жинай алмаса, сайлаудың екінші кезеңі өтуі тиіс.