13 қаз, 2022 сағат 18:53

Ердоған мен Путин 1,5 сағаттық кездесуде не талқылады?

Фото: tccb.gov.tr

Түркия көшбасшысы Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Астанада кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz порталына сілтеме жасап.

Путин Ердоғанның тамызда Сочиге жасаған сапары барысында қол жеткізілген барлық келісім орындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл инвестициялық процеске, "Аққу" атом электр станциясының құрылысына қатысты.

"Егер Түркия және басқа елдердегі сатып алушыларымыз қызығушылық танытса, тағы бір газ құбыры жүйесін салып, басқа елдерге, ең алдымен, әрине еуропалықтарға сату үшін Түркия аумағында газ хабын құруды қарастыруға болады. 

Бірге құратын осы хабтың жұмысы тек жеткізілім алаңы ғана емес, сонымен қатар, бағаны анықтау алаңы болар еді, өйткені баға мәселесі - өте маңызды мәселе. Бүгінде бұл баға шарықтап кетті, оны ешқандай саяси бояусыз қалыпты нарық деңгейінде тыныш реттей алар едік", - деді Путин.

Ал Ердоған Түркия Ыстамбұл келісімін жалғастыруға және нығайтуға, сондай-ақ, ресейлік азық-түлік пен тыңайтқыштарды Түркия арқылы төмен дамыған елдерге тасымалдауға дайын екенін айтты.

"Астық туралы келісімді нығайтуды жалғастыруымыз керек. Түркия мен Ресейдің бұл процестегі қадамдары белгілі бір топтарды алаңдатса да, олар төмен дамыған елдерді қуантады", - деді Ердоған.

Түрік бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, Ердоған мен Путиннің келіссөзі 1,5 сағатқа созылған.