Фото: REUTERS/Presidential Press Office
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкара Финляндияның НАТО-ға кіруін қолдап, Швецияның мүшелігіне қарсы болуы әбден мүмкін екенін мәлімдеген.
Кейінгі аптада Түркия мен Швецияның қарым-қатынасы нашарлап кетті. Анкара "Стокгольм НАТО-ға қосылу жөніндегі былтырғы келісімді орындауға құлықсыз болды" деп айыптайды. Оның үстіне, Швециядағы Құранды өртеу акциясынан кейін сын күшейе түсті.
Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіруге былтыр - Украинадағы соғыс басталғаннан кейін, мамыр айында өтініш берген. Екі көрші мемлекет сыртқы саясатта көп жыл бейтарап болып келген. Енді НАТО-ға кіру келісімін өзара үйлестіруге уағдаласқан.
Ердоған сайлаушылар алдында сөйлеген сөзінде: "Қажет болса, Финляндиядан гөрі, Швецияға қатысты шешім басқа болады. Швеция бұл шешімге таңғалары сөзсіз" деді.
Швецияның НАТО-ға қосылу мүмкіндігіне қатысты сөйлеген Ердоған Стокгольмге Құранды өртеуге қатысты емес, терроризм айыбы тағылған ондаған күрд белсендісін елге қайтаруға қатысты талап қойды.
"НАТО-ға кіргіңіз келсе, бізге сол террористерді беріңіздер" - деді Түркия президенті.
Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруі үшін одақтың барлық мүшесі – 30 мемлекет келісім беруі керек. 28 ел келісім беріп қойды, ендігі қалғаны – Түркия мен Венгрия. Венгрия жақында келісім береді деген мәлімет бар.