18 қар, 2021 сағат 12:15

Ерболат Досаев инфляцияның өсу себебін атады


ҚР Парламенті Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев биылғы инфляцияның өсу себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Әлемде шикізаттың және көлікпен тасымалдау бағасы өсуінің жалғасуы әлемде инфляциялық қысымды сақтап отырғанын да атап өткен жөн. Биылғы жылғы қазанда өсімдік майы, бидай өнімдері мен сүт өнімдері қымбаттауы есебінен ФАО азық-түлік бағаларының индексі 3 пайызға өсіп, 133,2 тармаққа жетті. Металдар шамамен 1,5 есе қымбаттады. Контейнерлер жетіспеуінен құрғақ жүкті тасымалдау құны (Baltic Dry Index) 2020 жылғы мамырдан бастап 7 есе өсті. Нәтижесінде өндірушілер өнімінің өзіндік құнының өсуі тұтыну бағаларына ауысады», - деді «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы туарлы баяндаған Ерболат Досаев. 

Оның атап өтуінше, аталған сыртқы факторлар бағаның өсуі үшін қолайсыз ортаны қалыптастырады және ішкі факторлармен қатар тең дәрежеде Қазақстанда инфляцияның ағымдағы өсуіне алып келді.

«Биылғы 2-жартыжылдықтан бастап Қазақстанда инфляция тұтынушылық белсенділіктің тез қалпына келуі, экономиканы фискалдық ынталандырудың жалғасуы және жекелеген тауар нарықтарындағы дисбаланстар нәтижесінде өсті»,. – деді Ұлттық банк төрағасы.