ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-премьер Ералы Тоғжанов коронавирусқа қатысты елдегі эпидахуалды бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі эпидаухал вакцинацияның деңгейіне де байланысты екені түсінікті. Біраз елде аурудың толқындары 3 айға дейін жеткені белгілі. Бізде «омикронның» өзін 1 айдың арасында өткеруге мүмкіндік болды. Оның бәрі нақты жүргізілген іс-шаралардың арқасы. Қаншама қарсылық болды?! Оны да көрдіңіздер. Антиваксер деген арнайы топтар құрылып, елдің арасында кері насихат жүргізгенін де жақсы білеміз. Соған қарамастан ел болып, халық болып осы шаруаны бірге шештік. Соның нәтижесінде қазір бизнес саласы 100 пайыз жұмыс жасауға мүмкіндік алып отыр», - деді Премеьр-Министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол әлі ондаған мемлекетте корнавирус белең алып тұрғанын еске салды.
«57 мемлекетке визасыз кіру мүмкіндігі пайда болды. Вакцина алған азаматтар ол елдерге ПТР-тестсіз де кіре алады. Оның бәрі жақсы жеңілдік деп ойлаймыз. Бірақ енді босаңсуға болмайды. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Әлі 35 мемлекетте коронавирустың өсуі байқалып отыр. Оның ішінде көрші мемлекеттер де жоқ емес, осы жағын ескеруіміз керек», - деді Ералы Тоғжанов.
