Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 56 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық Қайрат Ералиев әзірбайжандық боксшы Джавид Челебиевті ұтқан болатын. Осы жекпе-жек туралы ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов журналистерге өз ойымен бөлісті.
«Кездесу тартысты болды. Қайрат 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатының жартылай финалында ұтылып қалған еді. Сондықтан есе қайтаруға деген мотивациясы жоғары болады. Жалпы алғанда жекпе-жек қиынға соқты. Себебі түсінікті. Өздеріңіз көріп отырсыздар қарсыластың атақ-дәрежесін. Алда бұдан да қиын қарсыластар күтіп тұр. Дайындаламыз. Барлығын шаршы алаң көрсетеді», – дейді Айтжанов.
Айта кетейік, Рио Олипиадасының алғашқы жарыс күні 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Берік Әбдірахманов бірінші айналымнан аса алмай, жарысты ерте аяқтаған болатын. Кеше 49 келідегі Біржан Жақыпов ширек финалда ұтылып, жүлдеден құр қалды. Ал Василий Левит жартылай финалға жолдама алды.