11 жел, 2023 сағат 10:58

Энергетика вице-министрі қызметінен кетеді

Фото: primeminister.kz

Энергетика министрлігі өкілдері вице-министр Жандос Нұрмағанбетов "ведомство басшылығымен арадағы жанжалға байланысты жұмыстан шығып жатыр" деген қауесетке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт апқарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрмағамбетов электр энергетикасы, ЖЭО, ЖЭК салаларына жетекшілік еткені белгілі.

"Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 16 қарашадан 15 желтоқсанға дейін еңбек демалысында, кейін басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан босатылады. Желіде таралған вице-министр мен ведомство басшылығы арасындағы жанжал туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Нұрмағанбетов бұл лауазымға 2021 жылдың 13 желтоқсанында тағайындалған еді.

Ол 1981 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Халықаралық бизнес университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, "КИМЭП Университеті" АҚ бітірген.

Еңбек жолы:

• 2003-2005 жылдары – "Каруглесбыт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары, директоры;

• 2005-2006 жылдары – "Қарағанды аймақтық энергетика компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры;

• 2008-2010 жылдары – "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" акционерлік қоғамының бас директоры;

• 2011-2013 жылдары – "Қызылорда" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;

• 2013-2020 жылдары – "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры;

• 20.01.2020-12.12.2021 жылдары – "KEGOC" акционерлік қоғамының стратегия және даму жөніндегі басқарушы директоры.