Жайық өзенінде мұздың еруіне байланысты қырылған балықтар жағаға шығып қалып жатыр. Осыған байланысты Энергетика министрлігі өлі балықты жинау бағытында жедел жұмыс атқару керектігін алға тартып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өздеріңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуына байланысты арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған еді. Ол комиссияның төрағасы мен. Сол комиссияның мүшелері бүгін арнайы келіп отырмыз. Себебі, қазір күн жылып, Жайық өзенінің мұзы еріп жатыр. Өлген балықтар су беті мен жағаға шығып жатыр. Бүгін біз катерге отырып, Дамбы ауылына бардық. Водолаздар өзеннің түбінен видеотүсірілім жасады. Кейбір БАҚ өзеннің түбінде өлген балықтардың өте көп жатқанын жариялаған еді. Анықтағанымыздай, судың түбінде өліп жатқан балықтарды көріп отырған жоқпыз», - дейді ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай Атырау облысымен тікелей бейнебайланыс арқылы ОКҚ-да өткен телекөпірде.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, судың сапасын тексеру үшін су мен балықтың сынамасы алынған.
«Біз сонымен бірге «Амангелді» балық шаруашылығына барып қайттық. Олар бірнеше күннен бері балық аулап жатыр екен. Аулап жатқан балығын көрсек, тірі. Әрине, тормен ауланған балықтың ішінде өлісі де бар. Өзеннің жағалауында балықшылармен де сөйлестік. Олар балықтың барын айтып отыр», - дейді Сәбит Нұрлыбай.
Жалпы, осы мәселеге байланысты халыққа алаңдауға бола ма? Ұзын-сонар сұрақ-жауаптан кейін Сәбит Нұрлыбай осы сауалға былайша жауап берді.
«Жағдайдың қандай екенін өз көзімізбен көру үшін Атырауға келдік. Жалпы, жағдайды байқадық. Бізді ең алдымен судың сапасы алаңдатқан еді. Бірақ, бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин бірнеше рет судың сапасы жағынан мәселе жоқтығын алға тартты. Келесі мәселе: бізде өлген балықты жоюда проблема бар. Бүгін Жайық өзенінің жағасында өлген балықтың шығып қалып жатқанын көрдік. Сол себепті, әкімдік жастар және еріктілермен біріге отырып, бұл өлген балықты дереу жинап, жоюы керек. Себебі, бұл жұмыс өте маңызды мәселе. Сонда ғана халықта алаңдаушылық болмайды. Қазір мұз еріді де өлі балық су бетіне шығып қалды. Әлбетте, мұндай жағдай халықты алаңдататыны түсінікті. Сол себепті, әкімдік бұл ретте жедел әрекет жасауы керек.
Біз зерттеулердің қалай жүретінін бақылап, кейін халыққа Жайық өзеніндегі жағдай бойынша ақпарат береміз», - дейді Сәбит Нұрлыбай.
Өз кезегінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев 7 наурыздан бастап Жайықтың мұзы ери бастағанын атап өтті.
«Осыған байланысты шабақтардың өлекселері жағаға шыға бастады. 7 наурыздан бастап шабақтарды жинау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 10 наурыз күні сенбілік ұйымдастырылды. 16 наурызда қалалықтар болып сенбілікке қайта шығуды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат жариялаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді.